Алматыда көлік жүргізушісі кептелістен айналып өту үшін веложолға шығып кетті, қазір полиция оның жеке басын анықтап жатыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оқиға бейнесі Threads әлеуметтік желісіндегі kris_p_almata парақшасында жарияланды. Кадрларда автокөліктің веложолмен қозғалып бара жатқаны анық көрінеді.
Алматы полиция департаментінің өкілі бұл жазбаға қатысты түсініктеме берді.
«Алматы полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін бұзуға және айналадағылардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қараудың әрбір фактісіне қатаң жауап береді. Осы дерек бойынша әкімшілік полиция басқармасының іздестіру бөлімшесінің қызметкерлері жүргізушіні анықтауға және оны заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартуға бағытталған қажетті шараларды жүргізіп жатыр. Жолда мұндай мінез-құлыққа жол берілмейді. Жол қозғалысына қатысушылардың ешқайсысы басқа санаттағы азаматтарға арналған инфрақұрылымды белгіленген ережелерді бұза отырып пайдалануға құқылы емес», — деді ведомствода.
