...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда кене шаққанда көмек сұрауға болатын 1312 сенім телефоны іске қосылды

Алматыда 1312 сенім телефоны іске қосылды. Қала тұрғындары кене энцефалитіне қарсы вакцинация және кене шаққанда қайда жүгіну керектігі туралы кеңес ала алады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Кене шаққаннан кейін алғашқы 96 сағат ішінде медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәл осы кезеңде кенеге қарсы иммуноглобулинді енгізу тиімді.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шұғыл көмек (кенені алып тастау және иммуноглобулинді енгізу) қалалық ауруханалардың травмпункттерінде көрсетіледі.

Алмалы және Бостандық аудандарының тұрғындары Жандосов көшесі, 6 мекенжайындағы Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жүгіне алады. Түрксіб және Жетісу аудандарының тұрғындарына Папанин көшесі, 220 мекенжайындағы №4 қалалық клиникалық ауруханада көмек көрсетіледі. Әуезов, Алатау және Наурызбай аудандарының пациенттерін Қалқаман шағын ауданы, 20 мекенжайындағы №7 қалалық клиникалық аурухана қабылдайды. Медеу ауданының тұрғындары Қазыбек би көшесі, 96 мекенжайындағы Жедел жәрдем ауруханасына жүгінуі тиіс.

18 жасқа дейінгі балаларға шұғыл профилактика (иммуноглобулинді енгізу) тұрғылықты жеріне қарамастан Манас көшесі, 40 мекенжайындағы Балалар шұғыл медициналық көмек орталығында жүргізіледі.

Кене энцефалитінің сенімді профилактикалық шарасы – вакцинация, оны Алматы емханаларында алуға болады. Қазіргі уақытта қала емханаларында 16 жастан асқан адамдарға арналған «ТикоВак» вакцинасы бар. Сондай-ақ медициналық ұйымдар вакцинаның және кене шаққаннан кейінгі шұғыл профилактикаға арналған иммуноглобулиннің қажетті қорымен қамтамасыз етілген. Егер адамды кене шағып алса, оған иммуноглобулинді енгізу арқылы шұғыл профилактика жүргізіледі.

Алматыда кене шағудан кейінгі шағымдар саны артқанын еске саламыз. Медициналық көмекке 2023 адам жүгінген. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11%-ға көп.

Дереккөз: Inform.kz