
Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында иесіз және жеке электр желілерін коммуналдық меншікке беру мәселесі қаралды. Бұл шаралар электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Алатау Жарық Компаниясы» мәліметінше, кейбір жағдайларда жеке желілердің тозуы 80%-дан асады. Тиісті техникалық қызмет көрсетілмегендіктен, тұрғындар электр қуатының үзілуі, кернеудің секіруі және апаттарға тап болып отыр. Тағы бір өзекті мәселе – жекелеген желілердің баланстық тиесілілігі мен есепке алу жүйесінің ашық болмауы, бұл оларды жаңғырту мен пайдалануды қиындатады.
Жиында айтылған деректерге сәйкес, соңғы алты айда жеке желілерде 295 авариялық тоқтау орын алды, бұл қаладағы электр қуатының үзілуінің жалпы санының шамамен 45%-ын құрайды. Ең көп проблемалық учаскелер Наурызбай, Бостандық және Медеу аудандарында тіркелген.
Жиын қорытындысы бойынша әкім ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтіп, иесіз желілерді коммуналдық меншікке беру процесін жеделдетуді тапсырды. Бұл желілерді кейін «Алатау Жарық Компаниясы» пайдаланатын болады. Басым тәртіппен тұрғын үй кешендері, авариялық учаскелер және әлеуметтік маңызы бар нысандар қарастырылады. Сондай-ақ, бейінді басқармаларға, энергетикалық қадағалау органдарына, прокуратураға және АЖК-ға желілердің тиесілілігін анықтау, жеке шоттар ашу және одан әрі қызмет көрсету бойынша бірыңғай тетік әзірлеу тапсырылды.
Дереккөз: Inalmaty.kz