...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда гепатит А дерті 3,3 есе азайды: дәрігерлер басты себептерін атады

Алматыда вирустық гепатит А-мен сырқаттанушылық төмендеді. Биылғы төрт айда қалада аурудың 21 жағдайы тіркелген, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 3,3 есеге азайған. Ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 7, жасөспірім – 1, ересектер – 13 жағдай.

Эпидемиологтардың зерттеуі бойынша, 38% жағдайда жұқтыру себебі – жеміс-жидек пен көкөністерді жеткілікті жуып-шаюсыз пайдалану, ал 47,6% – жеке гигиена ережелерін сақтамау. Қалған науқастарда инфекция тұрмыстық жолмен жұққан.

— Вирустық гепатит А – бауырдың жедел вирустық ауруы. Инфекция көзі – ауру адам. Гепатит А вирусы ластанған су, тамақ және лас қол арқылы беріледі. Сондықтан қарапайым гигиена ережелері – басты қорғаныс шараларының бірі, — деді СЭБ басшысы Қасымхан Алпысбайұлы.

Оның айтуынша, алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинация. Алматыда екі жас және екі жарым жастағы балалар, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 14 жасқа дейінгі егілмеген байланыстағы балалар гепатит А-ға қарсы екпені тегін алады.

Гепатит А бауырды зақымдап, улану, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, ас қорытудың бұзылуы, тері мен көз ағысының сарғаюымен өтеді. Аурудың жасырын кезеңі 7 күннен 50 күнге дейін созылады.

Алдын алу үшін қолды жуу, тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішу, көкөніс пен жемістерді мұқият жуу, ластанған су қоймаларында шомылудан аулақ болу керек. Мамандар үйдегі беттер мен смартфондарды дезинфекциялауды, үйді таза ұстауды және ауру балаларды балабақша мен мектепке жібермеуді ұсынады.

— Алғашқы белгілер пайда болғанда дереу медициналық көмекке жүгініп, өзін-өзі емдеумен айналыспау керек, — деп қосты Қасымхан Алпысбайұлы.

Дереккөз: Inform.kz