Алматы тұрғындары Гагарин даңғылы бойындағы аллеяда қайтадан жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына наразылық білдірді. Олардың айтуынша, жабынды қайта ауыстырып, суару жүйесін бұзып жатыр. Әкімдік бұл жұмыстар толық ауыстыру емес, абаттандыру және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту екенін түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желілерде алматылықтар Құрманғазы көшесінің тұсындағы Гагарин даңғылындағы аллеядағы кезекті жұмыстарға наразылық білдірді. Бір жазба авторы аймақта қайтадан жабынды ауыстырып, қолданыстағы суару жүйесіне араласып жатқанын айтты.
«Опять привезли новую плитку, опять уничтожили кучу зелени, опять пытаются закопать систему орошения», — деп жазды ол.
Пікірлерде пайдаланушылар авторды қолдады. Кейбірі жөндеу бірнеше айға созылғанын, басқалары жазда аллея құрылыс алаңына айналғанын айтты. «Тамаша аллея бірнеше жыл болды. Бұталар отырғызылды, суарылмайды, бәрі жартылай қурап қалды», — деп жазды бір пікір автор. Тағы бір пайдаланушы: «Өткен жылы реконструкция жасады. Тағы не дұрыс емес?» — деп сұрады.
Алматы әкімдігі жұмыстар жабынды толық ауыстырумен емес, аумақты абаттандыру және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртумен байланысты екенін хабарлады. «Гагарин даңғылы бойынша көгалдандыруды суаруды жақсарту үшін абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қолданыстағы тас төсенішті ауыстыру жоспарланбаған, тек шұңқырларды қалпына келтіру және қиылыстардағы түйіспелерді жаңарту, кеңейту жұмыстары жүргізілуде», — делінген әкімдік хабарламасында.
Ведомствода аллеяда суару жүйесі жаңартылып жатқанын түсіндірді. «Ескі металл суару құбырларының тозуы, коррозиясы және қызмет көрсетудің қиындығына байланысты тамшылатып суару құрылғысы бар заманауи автоматты суару жүйесіне ауыстырылуда», — деп атап өтті әкімдікте. Ведомство Гагарин даңғылының Абай даңғылынан Төле би көшесіне дейінгі учаскесінде соңғы абаттандыру 2020 жылы жүргізілгенін қосты.
Дереккөз: Nur.kz