Алматыда ер адам ауыр дене жарақатын келтірді деген күдікпен ұсталды — жанжал кезінде ол қарсыласына пышақ жарақатын салған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Полиция департаментінің хабарлауынша, пышақ жарақаты туралы хабар жедел қызмет пультіне түскен. Оқиға орнына келген дәрігерлер кеуде қуысының өтпелі жарақаты бар жас ер адамды ауруханаға жатқызды.
Күдіктіні «Буран-405» патрульдік полиция экипажы ыстық ізбен ұстады. Алдын ала мәліметтер бойынша, ер адамдар арасындағы жанжал бірнеше күн бұрын туындаған. Кейін ауызша айтыс қайта өршіп, суық қару қолданумен аяқталды.
Анықталғандай, күдікті ескі құрылысты бөлшектеумен айналысқан бригаданың құрамында болған, ал жәбірленуші жақын маңдағы үйлердің бірінде тұрады. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Ауыр дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеушілер қажетті тергеу әрекеттерінің кешенін жүргізіп, қылмыс құралының орналасқан жерін анықтауда.
Дереккөз: Inform.kz