Алматыда Рысқұлов пен Шәріпов көшелерінің қиылысында болған жол апатынан Suzuki көлігіндегі екі қыз қаза тауып, тағы екеуі жарақат алды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Куәгерлердің айтуынша, Suzuki Рысқұлов бойымен батыс бағытта келе жатып, Шәріпов көшесіне солға бұрылмақ болған. Сол кезде Рысқұлов бойымен шығыс бағытта жоғары жылдамдықпен Mercedes келе жатқан. Куәгерлер оның қозғалтқышының гүрілін естігендерін айтады. Бірнеше секунд ішінде гелендваген бұрылып жатқан Suzuki-ді соққан.
Қатты соққыдан Suzuki бірнеше ондаған метрге шетке ұшып, бордюрлерден секіріп өткен. Гелендваген тағы 70 метр жүріп тоқтаған. Көліктер тоқтаған соң куәгерлер мыжылған Suzuki-ге жүгіріп барып, жарақаттанғандарды шығара бастаған. Оның салонында төрт қыз болған.
Алдыңғы орындағы жүргізуші мен жолаушы дәрігерлер келгенге дейін оқиға орнында қаза тапқан. Артқы орындағы үшінші қызды бірден эвакуациялаған, ал төртінші қыздың аяғы сынып, көлікте қысылып қалған. Тек құтқарушылар ғана оны көліктен алып шығып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған.
Гелендвагендегі жарақаттанғандар туралы хабарланбады. Қазір оқиға орнында жол полициясы қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Криминалист пен анықтаушы жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтауда.
Дереккөз: Zakon.kz