Алматыда Баум тоғайында құрғақ ағастың құлауынан ауыр жарақат алған 19 жастағы қыз қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
№4 қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері екі апта бойы оның өмірі үшін күресті, алайда науқасты құтқару мүмкін болмады.
Медициналық мекеменің баспасөз қызметінің хабарлауынша, зардап шеккен қыз 27 маусымда клиникаға өте ауыр жағдайда түскен. Ауырлығына байланысты ол анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөлімінде емделген.
Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін барлық мүмкін шараларды қолданған. Олар оны тәулік бойы бақылаған.
— Жүргізілген емдік-диагностикалық шаралардың барлық кешеніне қарамастан, 14-ші күні науқастың жүрек қызметі тоқтады. Жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан, биологиялық өлім анықталды, — деп мәлімдеді ауруханада, қайтыс болған қыздың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.
Оқыс оқиға 27 маусымда сағат 15:00 шамасында болған. Қыз отбасымен Баум тоғайында серуендеп жүргенде, оның үстіне кенеттен үлкен құрғақ ағаш құлаған. Нәтижесінде қыз ауыр жарақаттар алған: бас сүйегі сынған, жамбас сүйегі сынған, аяғы ашық сынған және басқа да көптеген зақымдар.
Алматы әкімдігі бұған дейін бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын, оның барысында болған оқиғаға құқықтық баға берілетінін хабарлаған. Қалалық әкімдікте Баум тоғайының аумағында ағаштардың құлау қаупі туралы ескерту белгілері орнатылғанын қосқан.
Бұған дейін Баум тоғайындағы ағаштардың тек 55 пайызы ғана сау деп танылғаны хабарланған.
Дереккөз: Inform.kz