...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Саясат

Алматыда бала құқығын қорғау басқармасына жаңа басшы тағайындалды

Алматы қаласы әкімінің өкімімен қалалық бала құқығын қорғау басқармасының басшысы болып Жанат Айтпаева тағайындалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Жанат Айтпаева 1968 жылы 23 ақпанда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол жоғары педагогикалық және экономикалық білімге ие, педагогика ғылымдарының кандидаты, экономика және бизнес магистрі.

Білім беру және мемлекеттік басқару саласындағы жалпы еңбек өтілі 35 жылдан асады. Еңбек жолын мұғалім болып бастаған, әр жылдары білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарған.

Ол Шығыс Қазақстан облыстық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығын, Өскемен қаласының білім бөлімін басқарған, Astana IT University проректоры, «Алматы дарыны» КММ директоры, Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.

2025 жылдың қыркүйегінен бастап Алматы әкімі аппаратының идеологиялық жұмыс бөлімінің бас инспекторы – кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы қызметін атқарған.

Жанат Айтпаева білім беруді басқару және педагогикалық көшбасшылық мәселелері бойынша оқулықтардың, оқу құралдарының және ғылыми монографиялардың авторы және бірлескен авторы болып табылады.

Ол «Қазақстан Республикасының Құрметті білім қызметкері» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен, сондай-ақ ведомстволық наградалармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Бұған дейін Павлодар облысында бала құқығын қорғау жөніндегі жаңа басқарма басшысы таныстырылған еді.

Дереккөз: Inform.kz