...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда әйелдің арызы бойынша бұрынғы күйеуіне 100 сағат қоғамдық жұмыс тағайындалды

Алматы тұрғыны бұрынғы күйеуінің үнемі қудалауына шағымданып, полицияға арызданған. Сот ер адамды кінәлі деп тауып, оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын кесті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Алматы полиция департаментінің Instagram-парақшасында хабарланғандай, әйел бұрынғы күйеуінің қудалауына байланысты полицияға арызданған. Құқық қорғау органдары істі тексеріп, қылмыстық іс қозғады.

Тергеу барысында заңсыз әрекеттерді растайтын дәлелдер жиналды. Күдікті жедел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс материалдары сотқа жолданды, — делінген полиция хабарламасында.

Сот үкімімен ер адамға 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалып, пробациялық бақылауға қойылды.

Қудалаудың кез келген түрі, азаматтардың жеке қауіпсіздігі мен психологиялық жағдайына зиян келтіретін әрекеттер қатаң құқықтық бағаланады. Полиция дереу әрекет етіп, азаматтардың құқығын қорғау үшін барлық шараны қабылдайды, — деді Медеу ауданы полиция бөлімінің бастығы Елдос Бақбергенов.

Дереккөз: Nur.kz