
Алматыда белгісіз біреу «Ырысты» тұрғын үй кешенінің ауласында балконнан іші металл заттарға толы бөтелкені лақтырып жіберді. Осы кезде төменде кішкентай баласымен әйел тұрған, зат оларға тимей қалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оқиға бейнекамераға түсіп қалған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әйел учаскелік полиция инспекторына хабарласқан, алайда кінәліні табу қиын болатынына алаңдайды.
«Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтау және құқық бұзушының әрекетіне құқықтық баға беру үшін кешенді шаралар жүргізіп жатыр. Мұндай заңсыз әрекеттерге жол берілмейді, олар қоғамдық қауіпсіздікке, әсіресе кәмелетке толмаған баласы бар әйелге қатысты қауіп төндіреді. Тексеру қорытындысы бойынша заңда көзделген барлық шаралар қабылданады. Жазаның бұлтартпастығы қамтамасыз етіледі», — деп мәлімдеді Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Дереккөз: Nur.kz