
Алматыда экологтар автобус парктерінде тексеру жүргізіп, экологиялық нормалардың бұзылуын анықтады. Кәсіпорындарға айыппұл салынды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, экология департаменті бірнеше автокөлік кәсіпорындарында жоспардан тыс тексерулер жүргізген.
«NEO City TRANS» ЖШС және «TALAP T» ЖШС автобус парктерінде өлшеу қорытындысы бойынша кейбір көліктердің шығарындылары нормативтен асып кеткені анықталды. Анықталған бұзушылықтар бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 333 және 334-баптары бойынша әкімшілік хаттамалар жасалып, жалпы сомасы 13,3 млн теңге айыппұл салынды, сондай-ақ бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, автокөлік шығарындыларын бақылайтын «Eco Almaty» ЖШС №3 автопаркте 249 автобусты тексерген. Мамандар оның 50-інде катализаторлардың жоқтығын анықтаған, бұл шығарынды газдарды тазарту жүйесінің маңызды элементі болып табылады.
Айта кетейік, Алматыда экологиялық талаптар қатаңдатылып, жаңа нормалар 2027 жылдан бастап енгізіледі.
Дереккөз: Nur.kz