Алматыда асфальт жабындысының шөгуі салдарынан №30 бағыттағы автобус жол шұңқырына түсіп кетті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оқиғаға қатысты фотосуреттер Threads әлеуметтік желісінде тарады. Кадрларда көліктің белгіленген бағыт бойынша келе жатқаны, алайда жол жабындысының шөгуінен жерге құлағаны көрінеді. Бұл жағдай басқа да жол қозғалысына қатысушыларға қолайсыздық туғызды.
«Алматыэлектротранс» ЖШС-де аталған жағдайға қатысты түсініктеме берілді. Кәсіпорынның мәліметінше, оқиға орын алған сәтте автопарк басшылығы туындаған ақаулықты жою үшін жедел тәртіппен техникалық көмек жіберген.
«Сонымен қатар басқарма уәкілетті органдарға жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіз әрі кедергісіз жүрісін қамтамасыз ету мақсатында шөккен асфальт жабындысының учаскесін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жөнінде тиісті сұраныстар жолдады. Қазіргі уақытта автобустар бекітілген қозғалыс схемасына сәйкес штаттық режимде жүріп жатыр», — делінген «Алматыэлектротранс» хабарламасында.
Аталған жағдай қаладағы жол жабындысының жай-күйіне қатысты мәселені тағы да көтеріп отыр. Тиісті органдарға жол учаскесін қалпына келтіру бойынша сұраныстар жіберілгені белгілі болды.
