Алматыда ауа температурасының алдағы көтерілуіне байланысты көшелерді аэрациялау ұйымдастырылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 16-20 шілде аралығында Алматыда аномальды ыстық ауа райы күтіледі. Ауа температурасы кей жерлерде +42 градусқа жетіп, алғаш рет маусымда +40 градустан асып, климаттық нормадан едәуір жоғары болады.
Қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының хабарлауынша, болжамды температураның көтерілуіне байланысты көше-жол желісін ұстау және қала аумақтарын қосымша салқындатуды ұйымдастыру шараларын күшейту туралы шешім қабылданды.
Осы кезеңде магистральдық көшелер мен жаяу жүргіншілер қозғалысы қарқынды учаскелерде жолды су бүрку арқылы суаруды (аэрацияны) жүзеге асыратын 16 арнайы техника колоннасы жұмыс істейді. Жұмыстар күннің ең ыстық сағаттарында жүргізіліп, қаланың 128-ден астам көшесін қамтиды.
Сонымен қатар күнделікті режимде көше-жол желісін санитарлық ұстау жалғасуда. Жолдарды, тротуарларды, аялдама павильондарын және басқа да қала инфрақұрылымы объектілерін жууға 500-ден астам арнайы техника тартылған.
Аэрация мен суаруды жүргізу жол жабынының маңындағы ауа температурасын төмендетуге, шаңды басуды күшейтуге, асфальттың қызуын азайтуға және осылайша экстремальды ыстық кезеңінде жол жабынына температуралық жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді, — деп сендірді әкімдікте.
Бұған дейін қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Алматыда аномальды ыстық аясында жедел медициналық көмекке жүгінушілер санының өскенін хабарлаған еді.
Дереккөз: Inform.kz