16-20 шілде аралығында Алматыда аномальды ыстық күтіледі — ауа температурасы +42 градусқа дейін көтеріледі. Мегаполистің көшелерін сумен салқындату басталады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігі «Қазгидромет» деректеріне сілтеме жасап, 16-20 шілдеде ауа температурасы кей жерлерде +42°C-қа жететінін, бұл маусымдағы +40°C белгісінен алғаш рет асып, климаттық нормадан едәуір жоғары екенін хабарлады.
«Болжамды температураның көтерілуіне байланысты көше-жол желісін күтіп ұстау және қала аумақтарын қосымша салқындату шараларын күшейту туралы шешім қабылданды», — деп нақтылады ведомствода.
Қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, осы кезеңде магистральды көшелер мен жаяу жүргіншілер қозғалысы қарқынды учаскелерде 16 арнайы техника колоннасы жұмыс істейді. Олар жолдың жүру бөлігін су бүрку (аэрация) арқылы суарады.
Жұмыстар күннің ең ыстық сағаттарында жүргізіліп, қаланың 128-ден астам көшесін қамтиды.
«Бір мезгілде күнделікті режимде көше-жол желісін санитарлық күтіп ұстау жалғасуда. Жолдарды, тротуарларды, аялдама павильондарын және қалалық инфрақұрылымның басқа да нысандарын жуу үшін 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылды», — деп хабарлады әкімдікте.
Ведомство аэрация мен суару жол төсемінің жанындағы ауа температурасын төмендетуге, шаңды басуға, асфальттың қызуын азайтуға және осылайша экстремалды ыстық кезеңінде жол төсеміне түсетін температуралық жүктемені төмендетуге мүмкіндік беретінін нақтылады.
Дереккөз: Nur.kz