Алматыда Рысқұлов даңғылынан Бұқтарма көшесіне дейін алты жолақты магистраль салынады. Ол үшін 200-ге жуық жер учаскесі мәжбүрлі түрде сатып алынады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде Рысқұлов даңғылы мен Бұқтарма көшесін қосатын жаңа алты жолақты жол пайда болады. Жоба «Шығыс қақпасы» полиорталығын дамыту аясында жүзеге асырылады. Әкімдікте жаңа магистральдің ені 50 метр, ұзындығы 4,6 шақырым болатынын хабарлады. Кейіннен жолды БАҚАД-пен қосу жоспарланып отыр, бұл қаланың көліктік қолжетімділігін және Алматы агломерациясының елді мекендерімен байланысын жақсартады.
«Баймағамбетов көшесі, Құлжа тракты, Бұқтарма көшесі және Рысқұлов даңғылы алаңында жалпы ұзындығы 17,5 шақырым болатын жолдар салу жоспарланып отыр», — делінген хабарламада.
Жаңа магистраль құрылысы үшін жерлерді алып қою қажет болады. Мемлекеттік қажеттіліктер үшін мәжбүрлі сатып алуға 200-ге жуық учаске ілігеді. Әкімдікте тиісті қаулы қабылданып, жылжымайтын мүлік иелеріне хабарламалар жіберілгенін атап өтті.
Қала әкімдігінде полиорталықты дамыту моделі Алматы үшін маңызды екенін айтты. Жаңа полиорталықтарда қоғамдық-іскерлік және тұрғын үй кластерлерін қалыптастыру, көлік-ауысу тораптарын дамыту, қоғамдық кеңістіктер мен әлеуметтік нысандарды құру көзделген.
«Бұл ретте, қаланың кеңістіктік дамуының шектеулілігін ескере отырып, мегаполисті дамытудың басым бағыты жеке секторды кезең-кезеңмен салу болып табылады, бұл әлемнің ірі қалаларының тәжірибесіне сәйкес келеді», — деп қосты әкімдікте.
Дереккөз: Nur.kz