
Алматыда «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Оның алғашқы екі күнінде жалпы қарызы 10 млн теңгеден асатын төлемеушілер анықталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Іс-шара алимент, айыппұл және салық төлеуден жалтарған азаматтарды анықтауға бағытталған. Алғашқы екі күнде борышкерлерге тиесілі 10-нан астам көлік арнайы тұрақтарға қамалды. Сондай-ақ жалпы қарызы 10 млн теңгеден асатын айыппұл төлемеушілер ұсталды.
Алматы қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың айтуынша, ОПІ-ның басты мақсаты – жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету.
Полиция азаматтардың айыппұл, салық және алимент төлеу бойынша қаржылық міндеттемелерін уақытылы орындауға міндетті екенін ескертеді. Жалтарған жағдайда көлік құралын алып қоюға дейінгі мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады.
Дереккөз: Inalmaty.kz