Алматыда Аль-Фараби даңғылында екі көлік жүргізушісінің қауіпті маневрлері бейнеге түсіп, таратылды, ал жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы прокуратурасының Instagram парақшасында қаланың маңызды көшелерінің бірінде екі көліктің жасаған қауіпті маневрлері көрсетілген бейнеролик жарияланды. Бейне әлеуметтік желілерде тараған.
Жедел іс-шаралар барысында Toyota Camry және Geely Coolray көліктерінің жүргізушілері анықталып, ЖҚЕ бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көліктер арнайы тұраққа қойылды.
«Прокуратураның үйлестіруімен ұсақ бұзақылық фактісі бойынша іс материалдары сотқа жолданды. Қарау қорытындысы бойынша әрбір жүргізушіге 10 тәулік әкімшілік қамау тағайындалды», — делінген хабарламада.
Қала прокуратурасы жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін еске салады.
