Alatau Advanced Air Group (AAAG) жоба менеджері Данияр Үтеулин Алматыда аэротакси жүйесін дамыту жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, ең алдымен аэротаксиді Алатау мен Алматыда іске қосу жоспарлануда. «Вертипорттар (аэротаксидің ұшуы мен қонуына арналған арнайы ғимараттар – ред.) бірнеше жерде орналасуы мүмкін. Біз Алматы қаласының әкімдігімен нүктелер бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз – әуежайда және қаладағы бірнеше нүктеде вертипорттар салуды жоспарлап отырмыз. Қаржы орталығы ауданын, Бірінші президент саябағы ауданын және Медеуді қарастырып жатырмыз. Әрі қарай облыстық нүктелерге кеңейтуді жоспарлап отырмыз – курорттар мен әдемі жерлерді әуеден көруге және көлікпен жеткеннен тезірек ұшып жетуге болады», – деді спикер.
Бүгін Астанада журналистерге бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған eVTOL AutoFlight Prosperity жолаушылар аппараты таныстырылды. Ұйымдастырушылар оның сағатына 200 км-ге дейін жылдамдыққа жетіп, 200 км-ге дейін қашықтықты еңсере алатынын айтады.
Еске салайық, бұған дейін вице-премьер Қанат Бозымбаев үкіметтегі баспасөз мәслихатында аэротаксимен жүрудің қанша тұратынын айтқан еді. Оның сөзінше, дрондармен ұшу уақыт өте қолжетімді болады.
Дереккөз: Nur.kz