Алматыда әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған қолдау шараларын СПК «Алматы» жүзеге асырады, оның аясында ондаған кәсіпкер жеңілдікпен үй-жай алып, бизнесін дамытуда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
СПК «Алматы» басқарма төрағасының орынбасары Ануар Ғабдуллиннің айтуынша, бүгінде корпорация 35 әлеуметтік кәсіпкерге жеңілдікпен үй-жай берген.
«Ең бастысы – кәсіпкер әлеуметтік кәсіпкерлер тізілімінде болуы немесе халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға арналған мемлекеттік тапсырысты орындауы керек. Бүгінде Алматыдағы әлеуметтік кәсіпкерлер – бұл не өздері ӘОТ санатына жататын, не оларды қолдау жобаларын іске асыратын адамдар», – деп атап өтті Ануар Ғабдуллин.
Осындай кәсіпкерлердің бірі – Иван Мешков. Оның кәсіпорны әртүрлі жарақаттары бар адамдарға арналған инновациялық оңалту жаттықтырғыштарын шығарады. Бірақ бәрі өндіріс ашу идеясынан басталмаған.
«Жарақат алғаннан кейін оңалтудан өтуім керек еді, бірақ 2012 жылы Қазақстанда оңалту деген болған жоқ. Мен өзіме бірінші жаттықтырғышты жасадым, оны көргендердің көбі сатып алғысы келді. Менде өндіріске қуат жетпеді, сондықтан бастапқыда жабдықты жалға алдық, бірақ тапсырыс көп болғандықтан, осы жаттықтырғыштарды шығаратын болдым», – дейді Иван Мешков.
Уақыт өте келе шағын шеберхана толыққанды өндіріске айналды. Бірақ мұндай бизнесті өз алаңынсыз дамыту қиын болар еді. СПК «Алматы» тарапынан әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдаудың алғашқы құралдарының бірі – жеңілдікпен үй-жай беру.
«СПК-ға берілген үй-жай үшін үлкен алғыс білдіргім келеді, өйткені онсыз біз мұндай қызметті жүзеге асыра алмас едік. Бүгінде бізде онға жуық қызметкер бар: дәнекерлеушілер, слесарлар, токарлар, бухгалтерлер. Біздің өзіміздің тігін цехымыз бар, онда бәрін қамтамасыз етеміз», – деп бөлісті Иван Мешков.
Дереккөз: Nur.kz