2026 жылдың 23-26 шілдесі аралығында Алматыда ACT Creative Tech Week 2026 халықаралық форумы өтеді. Бұл форум білім беру, креативті индустриялар, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласының өкілдерін біріктіреді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Форумды өткізу Сеулде «Диалог» аудармашылар одағы қоғамдық бірлестігі, Academy of Creative Technologies (ACT) және YLAB Academy арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумды іске асырудың алғашқы практикалық қадамы болды. Құжат білім беру, креативті индустриялар, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Серіктестік аясында тараптар бірлесіп білім беру бағдарламаларын әзірлейді, халықаралық іс-шаралар ұйымдастырады, зерттеу жобаларын жүзеге асырады және кәсіби тәжірибе алмасады.
Academy of Creative Technologies (ACT) – Алматыдағы ALT University базасындағы халықаралық білім беру платформасы, ол жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар және креативті индустриялар саласында мамандар даярлайды. YLAB Academy – вебтундар мен зияткерлік меншік (IP) саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі YLAB компаниясының білім беру бөлімшесі.
ACT Creative Tech Week 2026 аясында Алматыда алғаш рет YLAB Academy сарапшылары сөз сөйлейді. Форум қатысушыларын визуалды сторителлингке, Webtoon жасауға, зияткерлік меншікті әзірлеуге және цифрлық контент өндіруге арналған дәрістер мен шеберлік сабақтары күтеді. Іс-шара тәжірибе алмасу, әлемдік трендтерді талқылау және жаңа халықаралық серіктестіктер құру алаңына айналады.
Ұйымдастырушылар қазақстандық және корейлік білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастық халықаралық деңгейдегі мамандарды даярлауға, креативті экономиканы дамытуға және білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Дереккөз: Almaty.tv