
Алматыда дарынды балаларға арналған «Абай мектебі» мектеп-интернатының жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Салтанатты шараға ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, білім саласының ардагерлері, қоғам қайраткерлері мен педагогтар қатысты.
Мектеп Дарын шағын ауданында орналасқан. Жаңа оқу кешені 900 орынға есептелген. Мұнда оқушылардың академиялық дайындығы, ғылыми-зерттеу жұмысы, спорт және шығармашылық дамуы үшін барлық жағдай жасалған.
Салтанатты шара барысында министр Жұлдыз Сүлейменова:
«Бүгінгі кездесу – Абай мектебінің тарихи жолының заңды жалғасы, оның дамудың жаңа сапалы кезеңіне өтуі. Бұл – болашаққа бағытталған стратегиялық шешім. Бір кездері тау бөктерінде салынған бұл алма-матер сапалы білім мен тәрбие ісіне қызмет етіп, еліміздің зиялы қауымын тәрбиелеген бірегей оқу орнына айналды. Уақыт өте келе әртүрлі себептермен мектептің бастапқы аумағы қысқарып, тарихи кеңістігі бөлшектенді. Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген «Заң және тәртіп» қағидатын іс жүзінде іске асырудың арқасында Абай мектебіне қатысты тарихи әділдік қалпына келтірілді. Бұл – елімізде заң үстемдігі, тәртіп және әлеуметтік әділдік қағидаттарының дәйекті түрде бекітіліп жатқанының айқын дәлелі», — деді.
Мектепте оқу кабинеттері, пәндік зертханалар, спорт және акт залдары, кітапхана, асхана, Абай мұражайы және шығармашылық шеберханалар қарастырылған. Оқушыларға арналған спорт алаңдары да жабдықталған.
Қазіргі уақытта мұнда 351 оқушы білім алуда. Оқу процесін 72 педагог қамтамасыз етеді, олардың арасында педагог-шеберлер, зерттеушілер, сарапшылар мен модераторлар бар. Жалпы ұжымда 146 қызметкер жұмыс істейді.
Салтанатты ашудың жеке бөлігі ұлы ақынның рухани мұрасына арналды. Қонақтарға мектеп тарихы туралы бейнеролик, шығармашылық нөмірлер және Абай өлеңдеріне жазылған музыкалық туындылар көрсетілді.
«Абай мектебі» еліміздің игілігі үшін сапалы кадрлар даярлау жұмысын жалғастырады.
Дереккөз: Almaty.tv