Алматыда жол жабынын орташа жөндеуге байланысты Абай даңғылының бір бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
13 қыркүйектегі сағат 06:00-ден 14 қыркүйектегі сағат 06:00-ге дейін Саина көшесінен Бауыржан Момышұлы көшесіне дейінгі аралықта автокөлік қозғалысы жабылады.
Жөндеу жұмыстарының мерзімі ауа райы жағдайы мен технологиялық процестерге қарай түзетілуі мүмкін. Аталған аралықта ескерту жол белгілері орнатылады.
Жүргізушілерден уақытша шектеулерді ескеріп, маршруттарын алдын ала жоспарлауды сұрайды.
Сондай-ақ Абай даңғылының Саина көшесінен Бауыржан Момышұлы көшесіне дейінгі бөлігіндегі қозғалыстың жабылуына байланысты 13 қыркүйектегі сағат 06:00-ден 14 қыркүйектегі сағат 06:00-ге дейін бірнеше маршруттың қозғалыс схемасы өзгереді. Өзгерістер қосымшаға сәйкес № 37, № 55, № 57, № 61, № 85, № 90, № 92, № 95, № 106, № 109, № 218 және № ТП-25 маршруттарына қатысты болады.
Айта кетейік, 10 қыркүйектен бастап Алматыда және оған іргелес аумақтарда жөндеу жұмыстарына байланысты № 10, № 10А, № 22 және № 111 автобус маршруттарының қозғалыс схемалары да уақытша өзгерді.
4-13 қыркүйек аралығында авариялық-қалпына келтіру жұмыстарына байланысты Орталық және Талды көшелерінің Қакимбек Салықов көшесінен Жәңгір хан көшесіне дейінгі бөлігінде қозғалыс уақытша шектелген.
31 тамыздан 2026 жылғы 14 қыркүйекке дейін Алматының Алмалы ауданында салынып жатқан «Шевченко-Байзакова» тұрғын үй кешеніне жылу, су құбыры және су бұру желілерін тарту жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты қозғалыс ішінара шектелген.
24 шілдеден 30 қарашаға дейін Шымбұлаққа қарай апаратын Медеу — Тұйықсу автомобиль жолында көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
11 қыркүйектен жыл соңына дейін «Алматы — Бішкек» республикалық автомобиль жолының 25-шақырымында, Қаскелең қаласының маңында ірі көлемді және ауыр салмақты жүк көлігінің қозғалысы уақытша шектелген.
