...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда 600-ге жуық жеке үй от жағу маусымы алдында тексерілді

Алматыда төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері от жағу маусымы басталмай тұрып тұрғын үй секторын профилактикалық аралауға шықты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Құтқарушылар үйлерге улы газ датчиктерін орнатып, тұрғындарға пештер мен электр жылытқыштарды қауіпсіз пайдалану ережелерін еске салып жүр. Қатты отынмен жағылатын пеші бар үйлерге және ескірген қаңқа-қамыс құрылыстарға ерекше көңіл бөлінеді. Профилактикалық аралау шамамен 600 үйде өткізіліп, онда 50-ге жуық улы газ датчигі орнатылды.

Өткен от жағу маусымында Алматының тұрғын үй секторында 194 өрт болып, салдарынан 4 адам жарақат алды. Табиғи және улы газдан сегіз адам зардап шекті. Бір жеке үйде қатты отынмен жағылатын пештің тартуы болмағандықтан екі бала уланып қалды.

Алматы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Константин Каниннің айтуынша, өрттердің негізгі себептері — электр жабдығының ақаулығы және пештерді орнату мен пайдалану кезіндегі бұзушылықтар. Сондай-ақ тұрмыстық электр аспаптарын дұрыс пайдаланбау да өртке әкеледі.

Өткен маусымда мұқтаж тұрғындарға пештер жөнделіп, электрмен жабдықтау реттелді, мұржалар тазаланды, көмір мен отын берілді. Жалпы 2018 жылдан бері әкімдіктердің қолдауымен жеке үйлерге 1 749 улы газ датчигі орнатылды.

Құтқарушылар пешпен жылытылатын үй иелеріне мұржалардың жай-күйін және пеш айналасындағы кеңістікті алдын ала тексеру қажеттігін еске салады.

— От жағу кезеңінде мұржаларды күйеден кемінде екі айда бір рет тазалаңыз. Пештерді қыздырып жібермеңіз және оларға жиһаз бен тез тұтанатын заттарды тақап қоймаңыз. Газдандырылған пештерді пайдалану жөніндегі нұсқаулықтарды қатаң сақтаңыз. Сондай-ақ электр жылыту аспаптарын пайдалану электр кабельдеріне жүктемені арттыратынын есте ұстаған жөн. Осыған байланысты электр сымдарының жай-күйін үнемі тексеріп отыру қажет, — деді Алматы ТЖД бас маманы Ақтыныс Алтебаева.

Өрт шыққан жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне қоңырау шалу қажет.