...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда 50-ден астам жауынгер әскери оркестрмен әскерге аттандырылды

Алматыдағы қалалық жиын пунктінде Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің шақырылушыларды мерзімді әскери қызметке салтанатты түрде аттандыру рәсімі өтті. 50-ден астам жас жігіт Тараздағы әскери бөлімге қызмет өткеу үшін жолға шықты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі Алматы гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шақырылушыларға, олардың туыстары мен жақындарына бұл күн маңызды әрі толқытушы оқиға болды. Жауынгерлерді қолдау үшін жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері, Қарулы күштер мен ұрыс қимылдарының ардагерлері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері келді. Шараның салтанатты атмосферасын ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери оркестрінің өнері мен концерттік бағдарлама жасады. Патриоттық шығармалардың әуенімен жас жігіттер әскери қызметке алғашқы қадамын жасады.

Шақырылушылардың бірі, Аброр Балташов, мерзімді қызметті өз еркімен өткізуге шешім қабылдағанын, қажетті әскери дағдылар мен тәжірибе алуды қалайтынын айтты. Ол спортпен айналысады және қазақ күресінен спорт шеберіне кандидат.

Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Нұржан Естаев шақырылушыларға арнап бата сөз сөйледі. Ол жауынгерлерге әскер қатарында лайықты қызмет өткеріп, әскери борышын абыроймен атқаруды тіледі.

Сондай-ақ Қарулы күштер ардагерлері жас жігіттердің мінезін қалыптастыру, тәртіп пен патриотизмді дамыту үшін әскердегі қызметтің маңыздылығын атап өтті.

Жыл сайын Алматыдан мерзімді әскери қызметке үш мыңнан астам адам жіберілетіні белгіленген. Әскери қызметшілер үшін несиелік демалыстар мен арнайы бағдарламалар бойынша ҰБТ тапсырмай жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігін қамтитын әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған.

Дереккөз: Inalmaty.kz