Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Наурызбай ауданының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін салынған Ақсай өзеніндегі жаңа су алу құрылысы мен сүзгі станциясының салтанатты ашылуына қатысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше, жаңа нысан қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытудың негізгі жобаларының бірі болып табылады және тез өсіп келе жатқан тұрғын алаптардың сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін едәуір арттырады. Нысанның өнімділігі тәулігіне 22 мың текше метр суды құрайды.
Жоба су алу құрылысы мен заманауи су дайындау кешенін қамтиды. Нысанның сызықтық бөлігінің жалпы ұзындығы 7 км, оның ішінде ұзындығы 5,9 км болатын магистральдық су құбыры салынды. Жобаны іске асыру аясында автомобиль көпірлері, сел өткізу құрылысы, акведуктар, тіреу қабырғалары, кіреберіс жолдар салынып, жол белгілері мен кедергі қоршаулары орнатылды.
Станцияда суды тазартудың толық циклі енгізілген. Радиалды тұндырғыштар, құйынды араластырғыштар, кварц құмы бар жылдам сүзгілер, электролиз және реагент блоктары, сондай-ақ суды залалсыздандыру және сусыздандыру жүйелері салынды. Тазартылған суды сақтау үшін жалпы сыйымдылығы 10 мың текше метр болатын екі резервуар қарастырылған.
Барлық технологиялық процестер толығымен автоматтандырылған. Басқару бірыңғай диспетчерлік орталықтан жүзеге асырылады, ол өзен суын алудан бастап оны тазарту және тұтынушыларға беруге дейінгі барлық кезеңдерді тәулік бойы бақылауды қамтамасыз етеді. Нысанда заманауи мониторинг жүйелері, су шығынын бақылау және бейнебақылау орнатылған.
Жобаны іске асыру Алматы қаласы Наурызбай ауданының Таужолы, Тастыбұлақ, Таусамалы, Ақжар және Шұғыла шағын аудандарының, сондай-ақ Қарасай ауданының Жаңатұрмыс және Қырғауылды ауылдарының тұрғындарын тұрақты және сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы қамту 100 мыңнан астам тұрғынды құрайды.
Дереккөз: Almaty.tv