Алматыда Төле би көшесінің Ашимов көшесінен Нұрпейісов көшесіне дейінгі бөлігі екі бағытта жабылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 16 қазанға дейін Төле би көшесінде апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Осыған байланысты көше бөлігі екі бағытта жабылады.
«Жол қозғалысына қатысушыларды уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауға, уақытша жол белгілерінің талаптарын сақтауға және баламалы бағыттарды алдын ала жоспарлауға шақырамыз», — деді әкімдікте.
Жөндеу жұмыстарының мерзімі ауа райы жағдайына және технологиялық процеске әсер ететін өзге де факторларға байланысты түзетілуі мүмкін екені атап өтілді.
