Алматы әкімі Дархан Сатыбалды және «Отбасы Банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова баспана жағдайын жақсартуға мұқтаж отбасыларға жаңа пәтер кілттерін тапсыру рәсіміне қатысты. Бірінші кезең аясында коммуналдық тұрғын үй қорынан 885 отбасы баспана алады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жаңа тұрғындарға сөз сөйлеген Дархан Сатыбалды азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша азаматтардың әл-ауқатын арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Биыл Алматыда 11 мыңнан астам мұқтаж азаматтың тұрғын үй жағдайын жақсарту жоспарланған», — деді Алматы әкімі.
Оның айтуынша, бүгінгі кезең алматылықтарды баспанамен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстың бастамасы болды. Бірінші кезеңде 885 пәтер тапсырылғаннан кейін екінші кезеңде тағы 1832 пәтер, үшіншіде — 670, төртіншіде — 6161 пәтер беру жоспарланған. Осылайша, жыл соңына дейін мыңдаған алматылық отбасы тұрғын үй мәселесін шеше алады.
2026 жылы жалдамалы баспанамен 8250 азаматты қамтамасыз ету, 1298 адам жеңілдетілген несие бағдарламалары бойынша пәтер сатып алу, ал кемінде 1650 жас маман «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша меншікті баспана иесі атану жоспарланған.
Сонымен қатар, қалада мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары жалғасуда. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін ипотекалық несие ресімдеу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігін өтейтін тұрғын үй сертификаттары қарастырылған. Ағымдағы жылы 200 осындай сертификат беру жоспарланған.
Сондай-ақ, баспана жалдап тұратын азаматтар үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау тетігі сақталады. Бұл шара мұқтаж отбасылардың қаржылық жүктемесін азайтуға және баспананың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Дереккөз: Almaty.tv