Алматы тауында құтқарушылар Молодежный шыңына шығу кезінде байланысқа шықпай қалған үш туристі эвакуациялады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Іздеу-құтқару операциясы 8-нен 9-шы шілдеге қараған түні Медеу ауданында жүргізілді.
Оқиға туралы сигнал теңіз деңгейінен 4 147 метр биіктікте орналасқан Молодежный шыңына шығып жатқан үш турист байланысқа шықпай қалғаннан кейін түсті.
Іздеуге Алматы ТЖД Құтқару қызметінің құтқарушылар тобы дереу шықты. Жергілікті жерді тексеру барысында туристер Молодежный шыңының маңынан табылды. Құтқарушылар қауіпсіз түсуді ұйымдастырып, топты қауіпсіз жерге алып шықты. Туристерге медициналық көмек қажет болмады.
ТЖМ тауға барар алдында маршрутты алдын ала жоспарлап, ауа райы болжамы мен қайту уақытын ескеріп, байланыс құралдарын, су қоры мен жылы киімді алып жүру қажеттігін еске салды.
Бұған дейін Каспийде 50-ден астам құтқарушы дрондармен 18 жастағы жігітті іздеп жатқаны хабарланған болатын.
Дереккөз: Inform.kz