Алматыдан ондаған студент Германияда маусымдық жұмыс ұйымдастыруға уәде берген компанияның құрбаны болғанын мәлімдеді. Жастар жұмысқа орналастыру үшін жүздеген мың теңге төлегенімен, сапар өтпей, ақшасы қайтарылмағанын айтады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі inAlmaty.kz-ке сілтеме жасап.
Алматыда жазғы каникулды Еуропадағы маусымдық жұмыстарда өткізуді жоспарлаған студенттер жұмысқа орналастыру компаниясының алаяқтығына тап болғанын айтады. Олардың сөзінше, төлемді алғаннан кейін фирма міндеттемелерін орындауды тоқтатқан. Компания кеңсесінің алдында ондаған жас жиналып, басшылықпен кездесуді талап еткен. Клиенттерге Германия фермаларында жеміс-жидек жинау, сондай-ақ қонақүйлер мен қоймаларда жұмыс істеу уәде етілген. Қызмет құны 750 мың теңгеден басталған.
Зардап шеккендердің бірі Гүлмира Қабланбекова келісімшарт жасаспас бұрын компания кеңсесіне жеке барып, оның қызметін тексергенін айтты. Оның сөзінше, ақшаны қайтару туралы көптеген уәделерден кейін басшылық мәселені шешуді кейінге шегерген.
Зардап шеккендердің арасында 21 жастағы студент Иранғайып Қайратов та бар. Бірінші курс аяқталған соң ол жазда Германияда ақша табуды жоспарлаған. Сапар үшін ата-анасы несие рәсімдеп, компанияға 750 мың теңге аударған. Кейін жас жігітке бос орындар жоқ екенін айтып, сапарды келесі жылға ауыстыруды немесе Польша мен Мальдив аралдарындағы жұмыстарды қарастыруды ұсынған.
Job2Day компаниясында болған жағдайды Қырғызстандағы серіктеспен байланысты түсіндірді. Атқарушы директор Мирас Оразғалиевтің айтуынша, дәл осы серіктес жұмыс берушілермен байланысуы керек еді, бірақ міндеттемелерін орындаудан бас тартқан. Компания өкілі қазір келіссөздер жүріп жатқанын, ақшаны қайтару үш айдан он екі айға дейін созылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Мұндай нұсқа клиенттерді қанағаттандырмайды. Зардап шеккендер ақшаны толық қайтаруға тырысып, полицияға ұжымдық арыз дайындап жатыр.
Дереккөз: Inalmaty.kz