Бүгін, 2026 жылғы 15 шілдеде, ҚР үкіметінің релизінен белгілі болғандай, «Алматы – Қаскелен» жолын кеңейту жобасы қолға алынады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Премьер-министр Олжас Бектенов президент тапсырмаларын орындау мәселесі жөніндегі кеңесте: «Мемлекет басшысы алматылықтар мен жақын елді мекендер тұрғындарының Алматы – Қаскелен жолының қатты жүктемесіне қатысты шағымдарына назар аударды. Президент жолды кеңейту жобасын дереу іске асыруды тапсырды. Осы аптаның соңына дейін мердігер техника мен персоналды жұмылдыруы керек. Дүйсенбіде, 20 шілдеде, құрылыс жұмыстарын бастау қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы және барынша қысқа мерзімде орындалуы тиіс», – деді.
Үкімет басшысы жоба құны бекітілген және қымбаттауға жатпайтынын атап өтті. «Жобаны іске асыру мақсатында сатып алынатын жер учаскелерімен алып-сатарлыққа жол бермеу үшін олардың құны кешегі күнге – 14 шілдеге бекітілуі керек», – деп атап көрсетті Олжас Бектенов.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Алматы қаласынан Қаскелен қаласына дейінгі ұзындығы 8 км жол учаскесін 8 жолаққа дейін кеңейту жобасын таныстырды. Қаржыландыру Қазақстан Даму Банкі арқылы жүзеге асырылады. Екі жол айрығы мен 9 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу жоспарланған. Нәтижесінде бұл учаскедегі өткізу қабілеті 2 есе артады. Құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға беру 2027 жылдың желтоқсанына дейін жоспарланған.
Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалдының мәліметінше, мегаполиске күніне 300 мың автокөлік кіреді. Ішкі АТС есепке алғанда трафик көлемі миллионнан асады. Алматы – Қаскелен автомобиль жолы Алматы агломерациясының ең жүктелген учаскелерінің бірі болып табылады. Мұндағы қозғалыс қарқындылығы тәулігіне шамамен 60 мың автокөлікті құрайды. Сондай-ақ Абай даңғылын БАҚАД-қа дейін жалғау жобасы туралы баяндалды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұзынағаш ауылынан бастап ұзындығы 32 км болатын балама жол салу жұмыстары басталғанын хабарлады. Бұл жоба Алматы-Қаскелен трассасына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Аталған жобалар бойынша Алматы қаласы мен Алматы облысындағы жер мәселелерін шешу қорытынды кезеңде. Сонымен қатар Алматы агломерациясын дамыту шаралары талқыланды. Алматы-Есік, Алматы-Талғар бағытындағы жол жобалары қаралды. Рельсті көлік пен Алматы метрополитенін дамыту бойынша да жұмыс жүргізілуде.
Үкімет басшысы Алматы агломерациясының көліктік байланысын кешенді шешу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Дереккөз: Zakon.kz