Жетісу облысындағы Алматы – Өскемен трассасында ірі жол апаты салдарынан бес адам қаза тауып, тағы екі адам жарақат алып ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Полиция мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 26 маусым күні кешке Алматы – Өскемен автожолының 432-шақырымында болған. Екі жеңіл көлік соқтығысқан.
Апат салдарынан екі жүргізуші де, үш жолаушы да оқиға орнында қаза тапты. Тағы екі жолаушы әртүрлі дәрежедегі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізіліп, қажетті көмек көрсетілуде.
— Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталуда, — деді ведомстводағылар.
Полиция жол қозғалысына қатысушыларды Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға, жол жағдайына қарай қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, қашықтықты сақтауға және қауіпті маневрлер жасамауға шақырды.
Дереккөз: Inform.kz