Алматыдағы «Райымбек» метро станциясында жолаушылардың бірінің сөмкесінен пышақ пен арнайы құрал – қол кісен табылды. Күдікті ер адам ұсталып, полиция қызметкерлеріне тапсырылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оқиға бүгін, 24 шілдеде, «Райымбек» станциясында болды. Полиция және көлік қауіпсіздігі қызметкерлері бірлескен тексеру кезінде рентген-теледидар қондырғысы арқылы жолаушының сөмкесін қарап, пышақ пен қол кісенді анықтаған.
«Райымбек станциясында полиция қызметкерлері мен көлік қауіпсіздігі қызметінің бірлескен тексеруі кезінде рентген-теледидар қондырғысы арқылы жолаушылардың бірінің сөмкесінен пышақ пен арнайы құрал – қол кісен табылды», – деп мәлімдеді полицияда.
Заттар табылған соң ер адам ұсталып, кейін Жетісу ауданы полиция басқармасының қызметкерлеріне одан әрі тергеу үшін тапсырылды.
«Қазіргі уақытта осы факті бойынша тексеру жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, ұсталған адамның әрекеттеріне құқықтық баға беруде», – деп атап өтті ведомствода.
Дереккөз: Nur.kz