Алматыда бірінші желінің үшінші кезегі аясында үш жаңа метро станциясының құрылысы қатар жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Метрополитен» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының баспасөз қызметі жаңа станциялар «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейінгі учаскені қамтитынын хабарлады. Әзірге нысандардың ресми атауы жоқ, олар I станция, II станция және III станция деп белгіленген. Ресми атаулар белгіленген тәртіппен бекітіледі.
I станцияда инженерлік желілерді — электрмен жабдықтау және газ құбырын — шығару жұмыстары аяқталған. Мұнда айналма жолдың құрылысы бітіп, қазір жер қазу жұмыстары басталды.
II станцияда инженерлік желілерді шығару мен айналма жолды салу аяқталу сатысында тұр.
III станцияда жер және бетон жұмыстары жүргізіліп, вестибюль мен платформалық учаскені бетондау орындалып жатыр.
«Учаскенің құрылысын 2029 жылы аяқтау жоспарланып отыр», — деп сендірді баспасөз қызметінде.
