...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматы метросы «Барлық» базарына дейін ұзартылады

Алматыда метро желісі «Барлық» базарына дейін ұзартылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қалалық мәслихаттың кезекті LI (51-ші) сессиясында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қалада жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар туралы айтты.

Оның сөзінше, 2026 жылдың соңына дейін «Қалқаман» метро станциясын пайдалануға беру жоспарланған. Биыл «Қалқаман» станциясынан «Барлық» станциясына дейінгі учаскенің құрылысы басталды. Сондай-ақ метро желісін одан әрі кеңейту үшін «Жібек жолы» станциясынан әуежайға дейінгі екінші желінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленеді.

— Біз метрополитенді кезең-кезеңімен дамытып келеміз. «Барлық» станциясына дейінгі метро учаскесінің құрылысы басталды. Сонымен қатар «Жібек жолы» станциясынан әуежайға дейінгі екінші желі бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде, — деді ол.

Дархан Сатыбалды көлік инфрақұрылымын дамытудың келесі маңызды кезеңі Skytrain болатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жобаны іске асыру келесі жылы басталады.

Сессия барысында Алматы қаласының экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов қала әкімі атаған жобаларға қанша қаражат қарастырылғанын нақтылады.

Оның сөзінше, «Қалқаман» станциясын іске қосу үшін 1,1 млрд теңге бөлінеді. «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейінгі метро желісінің құрылысын бастауға жергілікті бюджеттен 243 млн теңге, ал Инфрақұрылымды дамыту қорынан 45 млрд теңге жұмсалады. «Жібек жолы» станциясынан әуежайға дейінгі екінші желінің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 150 млн теңге қарастырылған.

Айта кетейік, Алматыда өсіп келе жатқан кептеліс мәселесін шешу және қала жолдарындағы жүктемені азайту үшін метроның жаңа желілерін салу жоспарланып отыр.