Алматы қаласы білім басқармасы жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп формасы, үйірмелер және электронды күнделікке қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Кейде ата-аналар мектеп оқушылардың сыртқы келбетіне жалпы талап қойып қана қоймай, нақты бір жеткізушіні немесе дүкенді ұсынатын жағдайға тап болады. Қалалық білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаевтың айтуынша, мұндай талаптар заңсыз.
Мектеп ата-аналарды белгілі бір жерден киім сатып алуға немесе нақты өндірушінің формасын таңдауға мәжбүрлей алмайды.
Биыл мұндай жағдай Алматыдағы №222 мектепте орын алған. Шағымнан кейін білім басқармасы тексеру жүргізіп, мектеп директорына тәртіптік шара қолданған. Бұдан кейін мәселе қалалық мектеп басшыларымен жеке талқыланған.
— Ресми түрде мәлімдеймін: мектеп әкімшілігі ата-аналарды нақты бір дүкенге барып, белгілі бір форма сатып алуға мәжбүрлеуге құқығы жоқ. Мұндай жағдайлар болса, ақпаратты бізге жеткізуге болады. Әрбір өтініш бойынша шара қабылданады, — деді Сәкен Аралбаев Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде.
Алматыда мектеп формасы үшін қою көк түс ұсынылған, алайда білім басқармасында бұл тек ұсыным екенін атап өтті. Нақты үлгіні, өндірушіні немесе сауда нүктесін таңуды мектептің ешқандай құқығы жоқ.
Сондай-ақ өткен оқу жылында ата-аналар мемлекеттік мектептердегі қосымша сабақтар үшін ақша сұралғанына шағымданған.
Білім басқармасында мемлекеттік оқу орны туралы сөз болса, мектептің өзі ұйымдастыратын үйірмелер мен секциялар тегін болуы керек екенін атап өтті.
— Біз нақты мемлекеттік мектептер туралы айтып отырмыз. Оларда оқу тегін, бұл қосымша білімге де қатысты. Спорт секциялары, шығармашылық үйірмелер және мектепте өтетін басқа да сабақтар ата-аналар үшін ақылы қызметке айналмауы керек, — деп атап өтті басқарма басшысы.
Егер мектепте мұндай сабақтар үшін ақша талап етілсе, ата-аналар алдымен оқу орнының әкімшілігіне, содан кейін аудандық білім бөліміне немесе тікелей Алматы қаласының білім басқармасына жүгіне алады.
Сондай-ақ ол электронды білім беру жүйелерінен ықтимал ақпарат ағып кетуі туралы хабарламалардан кейін оқушылардың жеке деректерін қорғауға қатысты сұрақтарға жауап берді. Бұған дейін Алматының мемлекеттік мектептері Kundelik орнына BilimClass платформасына көшкен еді.
Сәкен Аралбаевтың айтуынша, BilimClass мемлекеттік стандарттарға және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді, ал деректерді қорғау мәселелері тиісті мемлекеттік органдармен қосымша пысықталған. Білім басқармасында оқушылардың жеке деректерінің ағып кетуі расталған жағдайлар тіркелмегенін мәлімдеді.
Еске салайық, өткен жылдың соңында мектептерге арналған бірыңғай электронды білім беру ортасы Kundelik әзірлеуші компаниясы жүйеден оқушылардың жеке деректері ағып кеткені туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын.
