Алматы хайуанаттар бағында тағы да толықтыру болды — мұнда Пржевальский жылқысының құлыны туылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, құлын 14 маусымда дүниеге келген, оған Желмая деген ат қойылған. Бұл — Құрбанкүл атты Пржевальский жылқысының екінші төлі.
«Әрбір Пржевальский жылқысының құлынының туылуы — біздің мамандарымыздың үлкен әрі тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Жануарларға барынша қолайлы жағдай жасалады, жұптар халықаралық асыл тұқымдық бағдарламаның ұсынымдарын ескере отырып іріктеледі, тұрақты ветеринариялық бақылау қамтамасыз етіледі», — деп атап өтті Алматы хайуанаттар бағының зооветеринария бөлімі жөніндегі директордың орынбасары Ағыбай Әжібаев.
Алматы хайуанаттар бағы сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарларды сақтау бағдарламаларына қатысады. Олардың қатарында — ақбөкен, ақ аю, ақиық және Пржевальский жылқысы.
«Құлынның туылуы ерекше маңызға ие, өйткені Пржевальский жылқысы — әлемдегі жабайы жылқылардың ең сирек түрлерінің бірі, ол Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына және Халықаралық табиғат қорғау одағының (ХТҚО) Қызыл тізіміне енгізілген. Хайуанаттар бағында төл алу осы түрдің генетикалық әртүрлілігі мен тұрақты популяциясын сақтау жөніндегі халықаралық бағдарламалардың маңызды бөлігі болып табылады», — деп қосты әкімдікте.
Қазір Пржевальский жылқыларының отбасы арнайы «тыныш» аймақта ұсталады, ол келушілер үшін жабық. Қазіргі уақытта Құрбанкүл бие, Желмая құлын және Мерей айғыр мамандардың тұрақты бақылауында. Анасы мен сәбиі өздерін жақсы сезінеді және белсенді дамып келеді.
Дереккөз: Nur.kz