
Алматыдағы Қалалық кардиологиялық орталықтың дәрігерлері қалалық перинаталдық орталық мамандарымен бірлесіп, жас ана мен оның баласының өмірін сақтап қалды. Олар күрделі симультанды ота жасады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
1998 жылы туған науқас 30 сәуірде ауруханаға ауыр диагнозбен – жүктіліктің 30-аптасында қолқаның көтерілген бөлігінің аневризмасы (көлемі 5,7 сантиметр) түсті. Дәрігерлердің айтуынша, әйелдің жағдайы шұғыл және жоғары тәуекелді хирургиялық араласуды қажет еткен.
4 мамырда мультидисциплинарлы дәрігерлер тобы бірден екі ота жасады: кесарь тілігі және қолқаның көтерілген бөлігінің супрокоронарлы протездеуі. Отаға акушер-гинекологтар, кардиохирургтар, анестезиолог-реаниматологтар, кардиологтар, неонатологтар, функционалды диагностика мамандары, перфузиологтар және операциялық медбикелер қатысты.
Дәрігерлердің сөзінше, ота өте жоғары тәуекел жағдайында өтті және бүкіл команданың барынша үйлесімді әрекетін талап етті. Мамандардың кәсібилігінің арқасында ана мен баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болды.
Сәби – салмағы 1 400 грамм қыз бала. Қазіргі уақытта ана мен нәресте дәрігерлердің бақылауында.
Дереккөз: Inalmaty.kz