...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматы-Бішкек трассасы сегіз жолақты болады: ең жүктелген кіреберіс кеңейтіледі

Алматы облысында халықаралық маңызы бар Алматы-Бішкек автомобиль жолының 19-дан 27-ші километрге дейінгі учаскесінде күрделі жөндеу және жолды кеңейту жұмыстары басталды. Қазіргі төрт жолақты жол күніне 70 мыңнан астам автокөлік өтетін ең жүктелген көлік дәліздерінің бірі саналады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Жоба аясында трасса төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Сонымен қатар «Подкова» типіндегі екі көлік айрығы, тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі, тротуарлар, сыртқы жарықтандыру жүйесі салынып, жаңа күрделі жол төсемі төселеді. Инженерлік коммуникациялар, оның ішінде газ құбырлары, су құбырлары, электрмен жабдықтау желілері және талшықты-оптикалық байланыс желілері қайта орналастырылады.

«Біз Алматы агломерациясы үшін маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірін іске асыруға кірістік. Бұл Алматының басты көлік қақпасы, мұнда Қазақстандағы ең жоғары қозғалыс қарқындылығы тіркеледі», — деді «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.

Қазіргі төрт жолақты жол көлік ағынын көтере алмай отыр. Жоғары жүктеме салдарынан учаскеде үнемі кептелістер пайда болып, орташа жылдамдық төмендеп, жол-көлік оқиғаларының қаупі артады. Қайта құру аяқталғаннан кейін Алматы мен қала маңындағы елді мекендер арасындағы жүру уақыты қысқарып, қалаға кіретін негізгі кіреберістердің өткізу қабілеті артып, жол қозғалысы қауіпсіздігі жақсарады деп күтілуде.

Дереккөз: Nur.kz