
Алматы халықаралық әуежайында мас күйіндегі шетелдік жолаушы бұзақылық жасап, шыны витринаны сындырды. Ер адам айналасына былапыт сөйлеп, агрессивті мінез танытқан, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Көлік полициясы департаментінің мәліметінше, оқиға әуежайдың екінші қабатындағы анықтама бюросының жанында болған. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде полиция қызметкерлері «Алматы — Франкфурт» рейсінің мас жолаушысын анықтаған.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, ер адам айналасындағыларға былапыт сөйлеп, содан кейін шыны витринаға соққы жасаған. Соның салдарынан шыны жанындағы бюро қызметкерлерінің үстіне құлаған. Бақытқа орай, ешкім зардап шеккен жоқ.
— Бұл — Қазақстан Республикасының аумағында тұратын, Арыс қаласындағы жеке компаниялардың бірінің қызметкері, 32 жастағы Канада азаматы болып шықты. Тексеру қорытындысы бойынша шетелдік азамат қоғамдық орында мас күйінде жүру және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылып, 30 АЕК (129 750 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды, — деді көлік полициясы департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция қоғамдық тәртіпті бұзатын және айналасына құрметсіздік танытатын кез келген заңсыз әрекеттер ішкі істер органдарының ерекше бақылауында екенін және заңнамаға сәйкес тоқтатылатынын ескертті.
Әуежайларда мұндай тәртіп бұзушылықтар жиі кездеседі. Өткен жылы Алматы әуежайында шетелдік жолаушы терминал ғимаратында түкіргені үшін айыппұл төлеп, рейстен шығарылған болатын. Астана әуежайында да ұшу алдында бұзақылық жасаған Атырау тұрғыны рейстен шығарылған еді.
Дереккөз: Inform.kz