Алматы – Астана тас жолында BMW көлігінің люгінен салют атып, жол жүрісі ережелерін өрескел бұзғандар анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ішкі істер министрлігінің медиапорталының мәліметінше, полиция қызметкерлері Алматы облысының Қарасай ауданында жол жүрісі ережелерін өрескел бұзған бейнежазбаға қатысушыларды анықтады. Кадрларда бірнеше көлік Алматы – Астана тас жолымен келе жатқаны көрінеді.
«3 қазан күні шамамен 00:30-да олар Жібек жолы кентіндегі мейрамханадан шығып, Алматы – Астана автожолымен жүріп өткені анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке Еркебұлан Жолдасбай, Бекарыс Махсетов, Ержан Жұмалиев және Ардақ Тұрғанбай тартылды. Жүргізушілерге қатысты жол жүрісі ережелерін өрескел бұзу және бұзақылық фактілері бойынша барлығы 13 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар BMW көлігінің люгінде отырып, пиротехникалық бұйымдарды атып жүрген Мейірбек Базарымбетовтің жеке басы анықталып, оған қатысты әкімшілік хаттама жасалды», — делінген хабарламада.
Осылайша, оқиғаға қатысушыларға қатысты барлығы 14 әкімшілік хаттама толтырылды.
Материалдарды қарау нәтижесінде сот бұзушыларға 10 тәулік қамау түріндегі әкімшілік жаза тағайындады.
«Полиция еске салады: жолдағы көрсетілімді және қауіпті мінез-құлық барлық жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Мұндай құқық бұзушылықтар полицияның ерекше бақылауында», — деп қосты ведомство.
