
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Гонконг Қытай бас сауда палатасының төрағасы, Sunwah Group басқарма төрағасы Цай Гуаньшэньмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында тараптар инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ халықаралық компаниялар мен қаржы институттарының қатысуымен әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.
Алматы Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі іскерлік және қаржы орталығы болып қала береді. Қалада елде жұмыс істейтін қытай компанияларының шамамен 70%-ы шоғырланған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы мен Қытай арасындағы тауар айналымы 9,4 млрд АҚШ долларына жетіп, 20%-ға өсті.
Гонконгтың іскер топтарының қатысуымен халықаралық бизнес-форум өткізу бастамасына ерекше назар аударылды. Қала басшысы биылғы жылдың қыркүйегінде Алматыда инвестициялық қорларды, қаржы институттарын және бизнес өкілдерін тарта отырып, іс-шара өткізуді ұсынды.
Сондай-ақ бірлескен жобаларды пысықтау үшін отандық компаниялар мен екінші деңгейдегі банктердің қатысуын қамтамасыз етуге дайындық білдірілді.
Қытай тарапы құрылыс және инфрақұрылымдық жобалар, қаржы секторын дамыту, жасанды интеллект технологияларын, оның ішінде дрондар саласындағы шешімдерді енгізу, сондай-ақ «жасыл» технологиялар мен туризм сияқты бірқатар бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігін растады.
Дереккөз: Almaty.tv