...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Ақын Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығы: Алматыда ұлы тұлғаға арналған салтанатты кеш өтті

Алматыда қазақтың көрнекті ақыны Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті. Іс-шараға зиялы қауым, мәдениет қайраткерлері, жастар және ақын шығармашылығын сүйетін көптеген жанкүйер жиналды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Мерейтойлық кеш Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті. Көрермендерге әдеби-музыкалық қойылымдар, оркестр мен фольклорлық-этникалық ансамбльдің өнері көрсетілді. Роза Рымбаева қонақтарға әсем әндерін сыйлады. Зал әр нөмірді тамсана тамашалап, тік тұрып қол соқты.

Олжас Сүлейменовтің еліміздің мәдени мұрасына қосқан үлесі орасан зор. Ақынның шығармалары – поэзия, жаңашыл әдебиеттану және терең түркітану зерттеулерінің синтезі. Оның еңбектері әлемнің ондаған тіліне аударылған.

«Олжас Сүлейменовтің өлеңдері рух көтереді. Қазір оның шығармалары көпшілікке қолжетімді. Сондай-ақ 10 жыл бұрын 80 жылдық мерейтойына орай қазақ тілінде бес томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Оның арқасында әркім ақынмен жақынырақ таныса алады», – деді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері Гүлжахан Орда.

Салтанатты кеште Олжас Сүлейменовтің ядролық қаруға қарсы қозғалыстағы рөліне ерекше мән берілді. Көпшілікке ақынның ядролық қарудан бас тарту жөніндегі сөздері жазылған мұрағаттық бейнежазбалар көрсетілді. Көрермендер бұл бағдарламаны жоғары бағалап, жазушының тек сөз шебері ғана емес, гуманизм мен азаматтық жауапкершіліктің символы екенін атап өтті.

«Оның ең басты еңбегі – «Невада-Семей» ядролық полигонын жабу. Сол кезден бастап біз ол туралы көп біле бастадық, өлеңдерін оқыдық. Осы күні оны мерейтойымен құттықтауға келуді парызым санаймын», – деді ҚР қоғам қайраткері Насиха Кенжина.

«Олжас Омарұлы – біздің заманымыздың ұлы жазушысы. Мен осы ұлы данышпанмен бір заманда өмір сүріп жатқаныма қуаныштымын. Біз онымен әрқашан мақтанамыз!» – деп атап өтті заңгер, журналист Зайтұна Жандосова.

Өзінің 90 жылында Олжас Сүлейменов елдің бірнеше саласына орасан зор үлес қосты. Әдебиет, түркітану, экология, дипломатия және кино өнері арасында параллель жүргізе отырып, ол барлық жерде өзінің жарқын қолтаңбасын қалдырды. Бүгінде ақын халықаралық деңгейде танылған, ал оның өмір жолы жас ұрпақ үшін шабыттандыратын үлгі болып табылады.

Дереккөз: Almaty.tv