
Алматыда 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына қатысқан ақталған азаматтарға біржолғы әлеуметтік көмек көлемі 250 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін өсті. Бұл шешім қалалық мәслихаттың кезектен тыс 45-сессиясында қабылданды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әкімнің бастамасымен төлем мөлшері 250 мыңнан 400 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл шара шамамен 800 алматылықты қамтиды. Мәслихат төрағасы Мейіржан Отыншиевтің айтуынша, қала тағдыры Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңдерімен тығыз байланысты азаматтарға ерекше көңіл бөледі.
«Әлеуметтік көмек бойынша жаңа критерийлер енгізіліп, барлық өңірде біріздендіру жүргізіледі. Бұл әлеуметтік төлемдердің бірыңғай тізбесі, бірыңғай мөлшері, өңірлер арасында теңгерімсіздік болмауы үшін. Мұқтаждықты есептеу кезінде өңірлік емес, республикалық ең төменгі күнкөріс деңгейін қолдану. Сондай-ақ скорингтік модельді енгізу. Бұл әр азаматтың әлеуметтік төлемдерге мұқтаждығын анықтауға және атаулылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.
Сонымен қатар сессияда көпбалалы отбасылардан шыққан студенттерді қаржылай қолдау және тұрғын үйлерді газдандыруға өтемақы мәселелері қаралды. Сессия соңында ведомствоаралық комиссиялардың жаңа құрамы бекітіліп, бірқатар кадрлық мәселелер шешілді. Мамандардың пікірінше, республикалық стандарттарға көшу және скорингтік модельдерді қолдану әлеуметтік қорғау жүйесінің барынша ашық әрі тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Дереккөз: Almaty.tv