...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

108 млн теңге: Алматыда зейнетақы жүйесіндегі ірі алаяқтық ашылды

Алматыда жалған құжаттар бойынша зейнетақы жүйесінен 108 миллион теңгеден астам заңсыз төлем жасалған. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Мұрат Мұратбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, алаяқтық фактілерін цифрландыру және деректерді талдаудың заманауи технологияларын енгізу арқылы анықтау мүмкін болған. Цифрландыру және бақылауды күшейту аясында департамент жеті мыңнан астам зейнетақы ісін тексерген.

— Әр жылдары зейнеткерлікке шыққан азаматтардың зейнетақы істері тексерілді. 82 жағдайда жалған құжаттарды пайдалану анықталды. Атап айтқанда, өзге адамдардың еңбек кітапшалары мен өзге де құжаттары ұсынылған. Артық төленген қаражат сомасы 108 миллион теңгеден асты. Бүгінгі күні бюджетке 70 миллион теңге қайтарылды, тағы 38 миллион теңге өндірілуде, — деді Мұрат Мұратбеков.

Оның сөзіне қарағанда, бұзушылықтарды жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы анықтау мүмкін болған, бұл ұсынылған құжаттарды дәлірек талдауға мүмкіндік береді.

— Бір адамның еңбек кітапшасы пайдаланылып, оған басқа адамның құжаттары тіркелген жағдайлар болды. Зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде қызметкер еңбек кітапшасының кімге тиесілі екенін әрдайым анықтай алмаған. Бұл басқа өңірдің адамдары болуы мүмкін. Алайда жасанды интеллект құралдары мен ақпараттық жүйенің аналитикалық мүмкіндіктері әртүрлі адамдардың еңбек кітапшаларындағы бірдей жазбаларды анықтауға мүмкіндік береді. Егер бір ұйымдардағы жұмыс кезеңдері сәйкес келмесе, жүйе мұндай жағдайды тәуекел ретінде анықтайды. Осыдан кейін біз мұрағат мекемелері арқылы қосымша тексеру жүргіземіз, — деп атап өтті Мұрат Мұратбеков.

Спикер бүгінде зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік қызметтердің шамамен 40 пайызы азаматтардың жеке өтінішінсіз көрсетілетінін айтты. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында көрсетілген 49 021 мемлекеттік қызметтің 19 337-сі проактивті форматта тағайындалған немесе мемлекеттік органдарға бармай-ақ және құжаттар жинамай-ақ көрсетілген.

Дереккөз: Inform.kz