Алматы прокуратурасы қала орталығында орналасқан теміржол ауруханасының жер учаскелері мен ғимаратын мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қадағалау органының мәліметінше, 2018 жылы бірқатар дәйекті мәмілелер нәтижесінде бұрын теміржол госпиталіне тиесілі жер учаскелері мен денсаулық сақтау нысаны жеке меншікке шығарылған.
— Сауықтыру мақсатындағы жер учаскелері жер және мүлік заңнамасының талаптарын бұза отырып сатылды. Сот талқылауы барысында мәмілеге қатысушылардың өзара байланысы және мемлекеттік мүлікті бәсекелес ортадан тыс заңсыз шығару расталды, — деп атап өтті прокуратурада.
Алмалы ауданы прокуратурасының талап-арызы бойынша сот мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару мәмілелерін жарамсыз деп таныды. Шешім заңды күшіне енді, апелляциялық шағым қанағаттандырылмай қалдырылды.
Нәтижесінде мемлекет меншігіне жалпы ауданы 0,3 гектар екі жер учаскесі және ауданы 1 628 шаршы метр ғимарат қайтарылды. Мүліктің жалпы құны 2 млрд теңгеден асады.
Бұған дейін қала прокуратурасы осы мүлікті сатуға байланысты атқарушылық іс жүргізу аясындағы сауда-саттықты да жойған болатын. Бұл нысан бойынша қосымша сот талқылауларының алдын алуға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ қалада мемлекет меншігіне 14 гектардан астам жер қайтарылды.
Дереккөз: Inform.kz