Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі аудан әкімдерінің қатысуымен баспасөз-турлар сериясын жалғастыруда. Бұл шаралар ақпарат құралдары өкілдерін инфрақұрылымдық жобалардың, абаттандыру мен қалалық ортаны дамытудың барысымен таныстыруға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бүгін БАҚ өкілдері Алматының Түрксіб ауданына барып, аумақты кешенді дамыту аясында іске асырылып жатқан негізгі жобалармен танысты. Баспасөз-турға Түрксіб ауданының әкімі Дәмір Ақежанов қатысып, журналистерге жұмыстың ағымдағы нәтижелері, дамудың басым бағыттары және ағымдағы жылға арналған жоспарлар туралы айтты.
Баспасөз-турдың негізгі нысандарының бірі — Шолохов көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында орналасқан Сәкен Сейфуллин атындағы сквер. Ақпарат құралдары өкілдеріне демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылған қоғамдық кеңістікті ауқымды абаттандырудың нәтижесі көрсетілді.
«Сәкен Сейфуллин атындағы сквер Түрксіб ауданының маңызды қоғамдық кеңістіктерінің бірі болып табылады. Ағымдағы жылы мұнда ауданы 1,7 гектар аумақта гүлді безендіру және абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жүргізілген жұмыстардың арқасында сквер айтарлықтай өзгеріп, тұрғындардың серуендеуі мен демалуы үшін ыңғайлы әрі тартымды орынға айналды. Біз қала тұрғындары үшін заманауи және абаттандырылған қалалық орта құру үшін ауданның қоғамдық кеңістіктерін күту мен дамытуға ерекше көңіл бөлетін боламыз», — деп атап өтті Түрксіб ауданының әкімі Дәмір Ақежанов.
Журналистерге скверді абаттандыру және гүлдендіру жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айында басталып, белгіленген мерзімде аяқталғаны хабарланды. Қоғамдық кеңістіктің жалпы ауданы 1,7 гектарды құраса, гүлді безендіру алаңы 3,2 мың шаршы метрге жетті.
Қарау барысында БАҚ өкілдері сквердің жаңартылған келбетін бағалай алды. Ол аудандағы ең жарқын гүлді нысандардың біріне айналды. Аумақта 150 мыңға жуық әртүрлі гүлдер, оның ішінде тагетес, сальвия, целозия, петуния, герань және цинния отырғызылған. Сонымен қатар, қоғамдық кеңістіктің жасыл қоры спирея, астильба, шалфей, вероника және нивяник сияқты көпжылдық сәндік өсімдіктер мен бұталармен толықты.
Баспасөз-турға қатысушыларға көгалдандыру жұмыстары, өсімдіктерді іріктеу ерекшеліктері және аумақты одан әрі күту шаралары туралы егжей-тегжейлі айтылды. Қазіргі уақытта мердігер ұйым жасыл желектерге кешенді күтім жасауды жүзеге асыруда, оған тұрақты суару, арамшөптерден тазарту, топырақты қопсыту, тыңайтқыштар енгізу, аумақты санитарлық тазалау және қажет болған жағдайда өсімдіктерді ауыстыру кіреді.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз-турлар сериясы БАҚ өкілдеріне ақпаратты бірінші көзден алуға, жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелерін объективті бағалауға және мегаполис тұрғындарын қала инфрақұрылымын дамыту жобаларымен таныстыруға мүмкіндік береді.
Дереккөз: Almaty.tv