
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау мен Алматы арасындағы көлік инфрақұрылымын дамытуды жеделдетуді, оның ішінде SkyTrain желілерін салу жобасын пысықтауды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеген Мемлекет басшысы жаңа қаланың Алматыға жақын орналасуы олардың арасындағы сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланыстарды айтарлықтай кеңейтуге үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.
— Бұны өңірдегі билік өкілдері де, кәсіпкерлер де жақсы түсінуі керек деп ойлаймын. Сондықтан қайталап айтамын: Алатау қаласында ең алдымен бизнес жүргізу үшін тартымды жағдай жасау керек, сонда кәсіпорындардың артынан адамдар келеді, бұл өз кезегінде Алматыға маятниктік көші-қонды азайтады, — деді президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының айтуынша, күн сайын Алматыға облыстан 400 мыңға жуық автокөлік кіреді. Алматы агломерациясы ішінде көлік байланысын күшейтіп, жылдам қоғамдық көлікті белсенді дамыту қажет.
Осы мәселені шешу үшін президент Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, ағымдағы жылдың 1 тамызына дейін қала шекарасынан шығыс және батыс бағыттарында Skytrain желілерін салу жобасының барлық аспектілерін пысықтауды тапсырды.
Президент атап өткендей, Алатауды Алматымен байланыстыратын жылдам қоғамдық көлікті дамыту мәселесін пысықтау қажет. Жаңа қаланың БАҚАД бойымен орналасуы және Алатауды Қорғасқа қосатын теміржол желісін дамыту болашақта Алматы агломерациясынан тыс аймақты кеңейтеді. Яғни, үлкен облыстық кластер қалыптасады. Өңірдің маңызды жобаларының бірі заманауи мультимодальды логистикалық орталық Almaty SkyHub болады.
Осы ауқымды жобаларды іске асыру үшін барлық қажетті жағдай жасап, инвесторларды белсенді тарту керек.
— Маған белгілі болғандай, қазіргі уақытта сауда-логистикалық орталықтар мен қойма инфрақұрылымын дамытуға мүдделі әлеуетті серіктестер, оның ішінде шетелдік компаниялар бар. Ашылып жатқан мүмкіндіктерді барынша пайдалану керек, — деді Тоқаев.
Еске сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапарының бағдарламасы Алатауды дамыту тұсаукесерінен басталды. Мемлекет басшысы Алатаудың құқықтық базасын әзірлеуді жеделдетуді тапсырып, инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасау мен қызмет көрсетудің жоғары деңгейін қамтамасыз етуді басым міндет деп атады. Президент қалада заманауи білім беру ортасы мен қуатты туристік кластер құру қажеттігін айтып, Қапшағай жағалауын ретсіз тұрғызуға қарсы екенін білдірді.
Дереккөз: Inform.kz