...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Сиань – Алматы бағытындағы халықаралық туристік пойыз Қазақстанға келді

Алматыға Сиань – Алматы бағыты бойынша халықаралық туристік пойыз келді. Жоба теміржол туризмін дамытуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік қатынасты кеңейтуге бағытталған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

«Жолаушылар тасымалы» пресс-қызметінің мәліметінше, пойыз қытайлық Сиань қаласынан 14 қыркүйекте жолға шыққан. Бағыт Ұлы Жібек жолының тарихи маршруты бойынша Қытайдың солтүстік-батыс аймақтары мен Шыңжаң арқылы өтеді. Қазақстан-Қытай шекарасын құрам Қорғас арқылы кесіп өтеді.

Қазақстан аумағында туристерді тасымалдауды «Жолаушылар тасымалы» АҚ қамтамасыз етеді. Халықаралық пойыз үшін шекаралық рәсімдерден өту мен екі елдің теміржол қатынасын үйлестіруді ескеретін арнайы кесте қарастырылған.

— Туристік пойыздарды дамыту біз үшін стратегиялық мәнге ие. Теміржол қалаларды, өңірлерді, тарихи және табиғи нысандарды біріктіре отырып, толыққанды туристік маршруттар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз — шетелдік серіктестермен бірлесіп осы форматты дамыту, Қазақстан бойынша сапарлар географиясын кеңейту және жолаушылар үшін сапалы туристік өнім жасау, — деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Ануар Ахметжанов.

Алматыға келген туристер үшін мәдени-экскурсиялық бағдарлама дайындалған. Қонақтар Тәуелсіздік монументіне, 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябаққа, Вознесенский кафедралдық соборына, Орталық мешітке, Көк-Төбеге, Шымбұлаққа, Орталық мемлекеттік музейге және басқа да көрікті жерлерге барады.

Сиань – Алматы бағытындағы алғашқы халықаралық туристік пойызды қытай тарапы 2025 жылы іске қосқан. 2026 жылдың маусымында ұлттық тасымалдаушының пойыздарын пайдалана отырып, алғашқы рейс өтті. Қазіргі рейс осы жылғы екінші сапар болды.