Алматы облысындағы Бұтаков шатқалында швейцариялық турист күшті жаңбыр астында қалып, қиын жағдайға тап болды. Оған ТЖМ «Қазселденқорғау» мекемесінің бақылаушысы Александр Судариков көмекке келді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Патрульдеу кезінде қызметкер шетелдік туристі кездестіріп, ол қатты суланған еді. Қолайсыз ауа райына байланысты әйелге бақылау бекетінде жауынды күту ұсынылды.
«Келесі күні ауа райы жақсарған соң, ол туристі асуға дейін шығарып салып, ауыр рюкзагын көтерісуге көмектесіп, маршрутты қауіпсіз жалғастыруды қамтамасыз етті», — делінген хабарламада.
ТЖМ тауға шығар алдында ауа райы болжамын алдын ала зерттеу, өзінің физикалық дайындығына қарай маршрут таңдау және жоспарланған жол туралы жақындарына міндетті түрде хабарлау қажеттігін еске салды.
«Ауа райы нашарлаған жағдайда маршрутты одан әрі жалғастырудан бас тартып, дереу көмекке жүгіну ұсынылады», — деп атап өтті Қазақстан ТЖМ.
Дереккөз: Nur.kz